Сулейменова Диана Сериковна, 6 класс, средняя школа имени Канаша Камзина, Республика Казахстан, Павлодарская область, город Аксу, село Жолкудук
Научный руководитель: Каиржанова Айнур Аяпбергеновна, учитель казахского языка и литературы, средняя школа имени Канаша Камзина, Республика Казахстан, Павлодарская область, город Аксу, село Жолкудук
Аңдатпа
Жұмбақтар халық ауыз әдебиеті ішінде ұсақ жанрлар қатарына жатады. Жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, т.б. сияқты ұсақ жанрлар деп аталғанымен, жұмбақтар - халық ауыз әдебиетінің күрделі бір саласы. Жұмбақ – халық шығармаларының ең ескі түрінің бірі және барлық жұрттың фольклорының ортақ түрі. Әуелгі туысы арғы, ерте заманда болғанымен, жұмбақ бертін келе, тіпті бүгінгі біздің дәуірімізде де өз керекті қасиетін жойған жоқ.
Зерттеу жұмысы негізінен үш бөлімнен тұрады:
1. Кіріспеде зерттеу тақырыбының маңыздылығы, яғни жұмбақтар арқылы оқушыларды ұлттық дәстүрлерді сақтауға мүмкіндік беретіндігі айтылады.
2. Негізгі бөлімде жұмбақтардың қазақ сөз өнерінде алатын орны, оның жасалу табиғаты, жұмбақтардың түрлеріне терең сипаттама беріле отырып, қазақ ауыз әдебиетін дамытудағы ақын-жазушыларымыздың алатын орны айқындалған.
3. Қорытындыда жұмбақтардың тәрбиелік мәні ашылады.
І Кіріспе
Жұмбақ – сөз образының кілті
Ақындықтың ұрық-дәні.
Мұхтар Әуезов
Жұмбақтар – қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра ретінде беріліп, ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу, толығу үстінде келе жатқан асыл мұра. Жұмбақтардың асылдық қасиеті, оның дүниеге келуі сонау ерте заман болса да, бүгінгі біздің дәуірімізде қажеттілігі күшейіп мән-мағынасының артып отырғандығында.
Жұмбақтар халық ауыз әдебиеті ішінде ұсақ жанрлар қатарына жатады. Жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, т.б. сияқты ұсақ жанрлар деп аталғанымен, жұмбақтар - халық ауыз әдебиетінің күрделі бір саласы.
Жұмбақтар жас ұрпақты тәрбиелеумен қатар, олардың бойына өз халқының игілігін дарытып, ана тілінде ойлау және мәдениетті сөйлеуіне, сауатты жазу дағдыларына барынша мол әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жұмбақтарды пайдалану оқушыларды қызықтырады, дұрыс сөйлеуге үйретеді, логикалық ойын жетілдіреді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі:
Қазіргі замандағы жан-жақты тілдік тәрбиенің маңыздылығы. Осы орайда жұмбақтар пайымдау мен ой-пікірдің тобықтай түйіні, тамаша қорытындысы болып табылатын ұшқыр да ұтқыр сөз ретінде көзге түседі. Осы жағынан алып қарағанда, жұмбақтар тілші, әдебиетші ғалымдардың ғылыми еңбектерінде қарастырылып, сөз өнері, халық ауыз әдебиеті үлгісі есебінде жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
Тақырыпты зерттеу әдістері:
Тақырыпты зерттеу барысында халық ауыз әдебиеттерінің мол мұрасын саралау, олардың мән-мағынасына, құрылымына және топтастырылуына аса назар аударылды. Ертеден келе жатқан жұмбақтар үлгісі мен қазіргі таңдағы ақын-жазушылардың жұмбақтары арасындағы ортақ мақсат-міндеттерді айқындай отырып, жұмбақ түрлерін жүйелеу, топтастыру әдістері жүргізілді. Әдебиетші ғалымдардың ғылыми еңбектері де қарастырылды.
Тақырыптың мақсат-міндеттері:
ІІ Негізгі бөлім
2. 1 Жұмбақ - ой ұшқырлығына баулитын жанр
Жұмбақ – ауыз әдебиетінің ең байырғы шағын жанрларының бірі. Сонымен бірге ол жазба әдебиетте де құлашын кеңге жайып, өркендеп, өсуде. Жұмбақ оқырманның ой өрісін кенейтеді. Алғырлығын арттырады, байқағыштыққа баулиды. Жұмбақты шығарушыға табиғи талантпен қоса мол өмір тәжірибесі, жан-жақты білім қажет. Әркелкі шамада болса да, бұл қасиеттер жұмбақты шешушілерге де ортақ.
Жұмбақты халық атам – заманнан ерекше мән берген, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен айтулы аңыздарда атақты билер, әйгілі хандар өздеріне мұрагер таңдауда не бір күрделі, мән-мағынасы терең, жұмыр да ұтымды жұмбақтарды ортаға салып, соны әрі тез, әрі тұтас шеше білуіне қарай таңдалған. «Жұмбағымды шешкен жігітке тұрмысқа шығамын» деп жарты әлемге жар салған сұлу ханшалар, естіп-білген ертегілерімізде қаншама.
Қай кезде алсақ та жұмбақ өткір, ұшқыр сөз есебінде, халық арасында бағалы болған. Жұмбақты халықтың өзге тапқырлық сөздері қатарында саяси құрал есебінде тап жауына қарсы қолданған орындар да аз емес.
Сырт қарағанда соңғы уақыттарда жазба әдебиет күшеюмен қатар, «Жұмбақ азайған шығар, жаңадан жасалмайтын шығар» деген ойлар болушы еді. Анығында бұл теріс боп шықты. Жұмбақ қазақ халқының арасында да және барлық басқа халықтар арасында да әлі күнге тыңнан туып, молайып, дамып келеді. Алғыр ой, тапқырлық адам баласын талай қатерден құтқарған. Ежелгі грек мифінде әйел басты қанатты арыстан – сфинкс Эдип патшаға қиын жұмбақ бергені айтылады. Бұл өзі қазақ жұмбағынан аумайды:
Таңертең төрт аяқты,
Түсте екі аяқты,
Кешке үш аяқты
Эдип:
«адамның бала шағы, есейген кезі, қартайған тұсы» - деп жұмбақты дәл шешеді. Жеңілген сфинкс ыза болып, құздан құлап өледі.
Жұмбақ шешкенді барлығымыз жақсы көреміз. Ол рас. «Ұш қазық, екі желі, тоғыз ноқта, тербеліп ән салады адам соқса.» Бұл не? Домбыра емес пе? Кәдімгі қазақтың домбырасы ғой.
Бұрынғы халық нені жұмбақ еткен, қазірдегі халықтың көзін тартып, көңілін бөлген заттары не? Осы жақтарын салыстырып қарағанда, мән-мазмұнын ғылым жолымен түсініп алуда да үлкен мағына бар. Жалпы алғанда, жұмбақ адамның дүние тану жолындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді. Жұмбақтың көлеміне кіретін заттар: табиғи жайы, адамның денесі, хайуанат пен өсімдік, бақташы, егінші елдің іс-әрекеті, еңбек құралы, техника жайы сияқтылар болады.
2.2 Тұтас заттарды бөлім-бөлшектерге бөліп жұмбақ ету
Шаруашылық түрлері мен заттарды бас-басына анықтап атап айтқанда, соның әрқайсысының ұсақ бөлім-бөлшектеріне де айрықша жеке-жеке сөз қылады.Мысалы:
Төсек астында төрт бауырсақ
(сиырдың емшегі)
Қисық ағашқа қар жұқпас
(сиырдың мүйізі)
Екі ошаққа бір көсеу
(сиырдың танауы мен тілі)
Мұның барлығы да өте деректі нәрселер. Осы сияқты адамның өзін жұмбақ еткенде де құр «адам» деп, кесек тұлғасын бірақ алып, айтып қоймайды. Оны бар мүшелерін түгел санап жеке-жеке жұмбақ етеді. Мысалы:
Асқар тауды қара орман
(шаш)
Қос әйнек, шыны да емес, темір де емес,
Бұзылса оны адам түзер емес.
Кезінде өзі ашалап-жабылады,
Мағынасы қымбат нәрсе, арзан емес.
(адамның көзі)
Жұмбақ өзінің сөз қылған затын әр алуан түрде суреттейді. Кейде нәрсені көзге көрінген көрінісіне қарап сипаттаса, кейде сол нәрсенің құлаққа естілетін дыбысына қарай бейнелейді.
Қараш тауым қарлы болды,
Бір жауса кетпейтұғын зәрлі болды.
(шаштың ағаруы)
2.3 Шағын нәрселерді қосарлап айту
Жұмбақтың көп кездесетін тағы бір ерекшелігі – заты шағын нәрселерді қосарлап айту. Қол мен аяқ, қыс пен жаз, күн мен ай сияқты. Мысалы:
Біреудің бір ұлы бар және қызы,
Біледі бұл екеуін дүние жүзі.
Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз,
Жүргенде білінбейді басқан ізі.
(күн мен ай)
Үсті тақтай, асты тақтай
Ортассында әбзел тақтай.
(тіл мен тіс)
Бір жансыз бір жансыздың түбіне жетеді.
(от пен отын)
2.4 Нәрселерді қызметіне қарай сипаттау
Дүние тану жолдарын еңбегіне байланыстырып, осыдан барып қорытынды жасайтын халық, көп жұмбақты нәрселердің неден істеліп, неден пайда болғанын айтуға арнайды.
Барлық халықтардың жұмбақ атаулысына, әсіресе, айқын көрінетін бір ерекшелік: нәрселерді қызметіне қарай сипаттауы болады. Мысалы:
Әй, керемет бір ит бар,
Үй бағады үрмейді,
Аяғы жоқ жүрмейді.
Ұрықсатсыз ол иттен
Адам үйге кірмейді.
(құлып)
Осылай жұмбақтың сөз қылған жайларын алсақ, ол бірден нәрсені анықтап атап айтады да, екінші, қайдан шыққан нәсілін айтады, үшінші оның атқаратын міндетін айтады, болмысының диалектикасын баяндайды және жұмбақ нәрселерді қосып, парлап, бір-біріне жасайтын қарым-қатынасы арқылы суреттейді. Осы жайлардың барлығын ақындық сөзбен, терең салыстырумен келтіреді.
2.5 Техникаға байланысты жұмбақтар
Қазіргі заман жұмбақтарының мазмұны байыды, көркемдік сапасы көріктене түсті. Ғылым, техника жөніндегі жұмбақтар көбейді.
Баласының саны көп, ал өзінің жаны жоқ
(инкубатор)
Тапқыр жұмбақ, танымдық мән – мазмұны нәрлі, құнды жұмбақ талантты ақынның ғана қолынан келеді. Бұл салада Қазақстан Жазушылар Одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты Қастек Баянбай – дәулетті автор. Оған «Той» деген өлеңдер жинағында «Жүз жұмбақ» тарауындағы шығармалары дәлел.
Жердің астына аяқпен сүңгіп,
Шықтым бетіне басыммен үңгіп
(метро)
Сымға асылып күн ұзақ,
Қала кезер зымырап
(троллейбус)
Күнде шаң шабар темір айдаһар
(шаңсорғыш)
Көкке қараған, жұлдыз санаған
(телескоп)
2.6 Өлең боп айтылатын жұмбақтар
Қазақ ақындарының жұмбақты жақсы бағалауы арқасында біздің көп жұмбақтарымыз өлең болып айтылады. Жұмбағы ғана өлең емес, шешуі де өлеңмен келетін жұмбақтар толып жатыр.
«Жұмбақ – жақсы жымдасқан метафора» депті Аристотель. Ал жұмбақ шығару – сөзбен әдемі сурет салу. Ақынның алғырына ғана бұйырар бақыт – осы жұмбақ. Бұл салада Қадыр Мырза Әли анық ақындық өнер танытқан:
Жылға дер ем ақпайды,
Жылан дер ем шақпайды.
(арқан)
Көл бетінде керуен жол
(құс жолы)
От қойсаң – жалын шығар,
Бос қойсаң – жаның шығар.
(газ)
Тақырыптары төмендегідей:
Қадыр Мырза Әли жұмбақ көп шығармаса да, көркемдік құны жоғары, мазмұны ерекше мінсіз туындылар жасады.
«Теңізде түбі терең, сүңгіген жетер әрең,» - жұмбағын оқығанда, «Мектеп – кеме, білім – теңіз» мақалы есімізге келеді.
«Білерімнің куәсі,
Білмесімнің куәсі.
Іші толған қолтаңба
Алып шығар әр таңда, - деген жұмбақ білімге деген құштарлығымызды сынайтындай.
Шахматты жұмбақтаған өлеңі:
Алпыс төрт тең бөлмеде отыз екі тұрғын бар,
Ақ, қара ғып бөлгенде, бірін-бірі қуғындар.
Ханы үшін де, жаны үшін де бермейді олар намысын – бізді отаншыл, намысқой болуға тәрбиелейді.
«Елек-елек тарым бар, көтере алсаң, бәрін ал». Сонда бұл өзі не болды екен? Шешуі – құмырсқа, құмырсқаның илеуі. Бұл – қазақтың халық жұмбағы. Шынында да құмырсқаның илеуі ұн елейтін елек секілді дөңгелек келмей ме? Оның үстіне құжынаған құмырсқа елек ішіндегі кәдімгі қара тарыға өте ұқсас қой. Жұмбақ дегеніміз таныс, бейтаныс заттардың, қимылдың не табиғат құбылыстарының толық болмаса да, ықшам түрде дәл суреттеледі. Басы артық сөздер атымен болмайды. Жұмбақ өлеңге немесе қара сөзге құрылады. «Ұзын құйрық сауысқан, бір көлдің суын тауысқан» өлең жұмбаққа мысал. Шешуі – қалам.
«Үй үстінде жарты қалам» - қара сөз жұмбақ. Шешуі – ай. Жұмбақ шешу – бір жағы ақыл алғырлығын сынау, екіншіден, балдырғандарды ой жүйріктігіне, табан астында тапқырлыққа баулу. Жұмбақ жаттау жас балаға өте қызық әрі пайдалы. Бұл қоршаған табиғат құбылыстары, ғылым мен техника жетістіктері жайында мол мағлұмат береді, баланың тілін ұстартады, сөз қорын байытады.
2.7 Қазақ жұмбақтарындағы троп түрлері
«Ырғауыңа көнбейтін, балталасаң бұзылмайтын берік қаланған сөздер... ой ұшқырлығы да бар» - деп жоғары баға берген халық ақыны М.Әлімбаев. жұмбақтар тілі көркем, бейнелі, мазмұнды, өйткені эпитет пен теңеулерге бай.
Сырттай ұқсас малтаға,
Қаламның бұл ғажабы,
Жылтыр қара тақтаға
Аппақ сүтпен жазады. (бор)
-тай, -тей, -дай, -дей жұрнақтары арқылы жасалған теңеулер де аз емес:
Аппақ қардай,
Дәмі балдай. (балмұздақ)
Жер баспайтын аяғы
Апамның ақ таяғы.
Жұдырықтай қамырды
Жаулықтай қып жаяды. (оқтау)
Жұмбақтағы теңеулі тіркестер гипербола немесе литотаға ауысып кететіні бар:
Шөмішім бар темірден,
Топырақ, тасты кемірген. (экскаватор)
Қыл кеңірдек батыр
Үй көтеріп жатыр. (кран)
Бұл жұмбақтардағы кран мен экскаватор «шөміш» пен «қыл кеңірдек» деп кішірейтіліп айтылған.
Эпитет пен гиперболаны қатар қолдану да кездеседі:
Зер-зер кілем, зер кілем
Көтерейін десем – зор кілем. (жер планетасы)
Бірінші жолы эпитеттерден болса, екіншісі – гипербола.
Екі сақшы қырағы
Бәрін көріп тұрады.
Қуанғанда нұр шашып,
Қайғырса мұң тұнады,
сақшы деп екі көзді жұмбақтап, адам кейпінде, адам бейнесінде суреттейді. Біздің заманымызда жұмбақ өз бағасын жойған жоқ. Жұмбақты мектеп балалары тілге ұста болу мақсатымен оқиды, жаттайды. Жастар ойын-сауық кештерде ермек етеді.
2.8 Жұмбақтардың шығарған, зерттеген, жинап бастырған ақын-жазушылар
Қазақ жұмбақтарын жинап бастыруда Ә.Диваев, С.Аманжолов, Ө.Тұрманжанов елеулі еңбек сіңірді. Бұл жанрды ғылыми тұрғыдан зерттеген – М. Әуезов.
Қазақ ақындары Ө.Тұрманжанов, П.Тұрсынбаев, М.Әлімбаев, Ә.Табылдиев, Ғ.Мүсірепов, Қ. Мырзалиев, т.б. көптеген жаңа жұмбақтар шығарды.
Қабдыкәрім Ыдырысов (1928-1978). 1928 жылы Павлодар облысы Ақтоғай ауданында туған. «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде еңбек еткен. «Тығылмақ», «Миллиард деген не?», «Әрқашан күн сөнбесін», «Ойнайық та ойлайық», «Араманда балақай!» өлең кітаптары бар. Оның «Ойлан тап» өлеңінің әні де бар.
Кел, балалар, ойнайық
Ойнайық та ойлайық
Қандай жұмбақ болса да
Шешпей оны қоймайық.
2.9 Бүгінгі таңда газет-журнал беттерінде жұмбақтардың басылуы
Ата-ананың жас балаға беретін тәрбиесінде баланың ойын тапқырлыққа баулу үшін жұмбақтың көп пайдасы бар. Балаларға арналған жұмбақтар, ертегі мен аңыздар «/Ұлан», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Бала би» журналдарында әрқашан басылып тұрады. Мысалы, «Айгөлек» журналынан мен осындай жұмбақ оқыдым:
Арқан байлап беліме,
Сүңгіп кеттім көліне.
Тиіссе кеп кімде-кім,
Шап береді ілгегім. (қармақ)
Көк көйлекті жеңешем
Көлбең-көлбең етеді.
Ере шыққан баласы
Елбең-елбең етеді. (түтін)
Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде «Айналайын» бетінде балалардың өздері шығарған, ел аузынан естіген жұмбақтар басылып тұрады
Құйған шайың азанда,
Ыстық қалпы қашанда. (термос)
Адам емес, тілі бар
Әрбір үйден табылар. (радио)
Аудандық «Ақжол» газетінде «Балдаурен» балалар беті бар. сондағы жұмбақтың бірі:
Сүңгісе тесікке,
Еркіндік есікте. (кілт)
ІІІ ҚОРЫТЫНДЫ
Табиғаттың алуан түрлі жұмбақтары мәңгі таусылмақ емес. Оның сырын тереңірек білгісі келген адам кішкене кезінен-ақ қандай жұмбақ болса да шешуден тайсалмай, өзін тапқырлыққа тәрбиелеуі керек.
Менің ойымша, жұмбақ әлі де көп жасар, өйткені біз, балалар мен жасөспірім үшін, өмірдің өзі жұмбақ. Жұмбақ шығара алатын, оның шешімін тез, дұрыс таба алатын адамның болашағы зор.
Пайдаланылған әдебиеттер